Құрметті фейсбук оқырмандары, қымбатты кітапхана жазушылары! Сіздердің назарларыңызға Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт азаттық соғысына бастан аяқ қатысып, қазақтың соңғы ханының қасында ең ақырғы сәтке дейін бірге болған Баубек батырдың өмірі мен тағдыры жайлы деректер мен ел аузындағы аңыз - әңгімелерден жинақталған «Жақсының жақсысы Баубек батыр» атты кітабынан үзінді ұсынамыз.
БАТЫРДЫҢ БАЛА БАУБЕК АТАНУЫ
Тарғын Мақыжан, әуесқой
ақын, өлкетанушы
Бұл оқиға Кенесары ханның алғашқы Қоқан жорығы кезінде, дәлірек айтсақ 1841 жылдың көктемінде өріс алған екен. Наурыздың басынан шабуылдаған хан Кененің қолы, шолақ Тәшкен (ақсақалдардың пайымдауынша - Созақ) қамалына жетеді. Ол өңірді қырғыздың ағайынды Отыншы, Сушы деген екі батыры,Қоқан әскерін басқарып, қорғап тұрған көрінеді. Ол екеуі жер жағдайын жіті пайдалана отырып Арқадан келген қалың қолға тегеурінді қарсылық көрсетеді. Өз әдістерін өздеріне қарсы қолданып, «партизандық» соғыс жүргізеді.
«Жай адам хан бола ма?». Абылайдың кіндігінен тараған 30 ұлдан, 150-170 шақты немересінен хан атанған Уәлі мен Кенесары ғана. «Ханда қырық кісінің ақылы бар» депті атамыз қазақ. Әскерін артық шығынға ұшырата бермеу үшін Сушы батырдың қамалда жоқ екенін «жансыздары» арқылы біліп алып хан айлаға көшеді: «Сағым ұшқан сары даладан» қазақтын, жасаулы бай көшін жібереді. Көшке 10-15 күзетші қызметшілерді қосады. «Батыр аңқау, әңкүдік» – деген ғой. Оңай олжа мен дүниеге қызыққан Отыншы қамалдан шығып, көшті жалғыз шабады.
Жасырынып отырған батырлар хабар жетісімен атқа қонады. Белдеуде байлаулы тұрған ханның атын жайдақ мінген, жалғыз найзалы Баубекте топқа қосылады. Алданғанын түсінген Отыншы жайрап қалған көшті тастап, қамалға қарай шегінеді. «Қашсаң құтқарып, қусаң жететін» хан тұлпарын мінген Баубек жұрттан қара үзіп жауға бірінші болып жетеді. Отыншы аттан түсіп, бір тастың көлеңкесінде отыр екен. Келе сала Баубек:
– Батыр болсан мін атыңа, жанынды аламын – деп найзасын кезеп ақырады. Осы сөздерінің өзінен-ақ оның өмірлік ұстанымы болып өткен өжет мінезі көрініс береді. Отыншы сабырлы қалпынан ауытқымай:
– Батырым, тым жас екенсің. Мені қан тартып тұр, жекпе-жекке шықпаймын. Оданда мына белдігім мен кездігімді тығып ал, хан алдында керегі болады деп отыра береді. Сөйткенше болмай-ақ, үздік создық жосыла басқа батырлар да жетіп, ұрып-соғып Отыншыны байлап алады.
Отыншыны ұстап әкелді дегенді естіп ордадан сыртқа шыққан хан таң қала қарайды: – Отыншы адамзаттың алыбы екен. Қасында тұрған қазақ батырларынан оның басы ғана емес иығы асып шығып тұрған мыс дейтін көне көз қариялар.
– Иә, батырларым, мынандай алыпты қай жүрек жұтқан жан аттан түсіргенін айтындаршы, дегенде, атаққұмар бір-екеуі: – Мен сойылмен соқтым. Жоқ, мен байлап - матадым деп бастай берсе керек. Сонда Отыншы: Қазақтың ханы, дат. Мені тұтқындаған батырда менің күміс шытыралы белдігім мен қанжарым болса керек еді – дейді. Сол кезде топ батырдың ар жағын ала тұрған Баубек түйе жүн шапанның ішінен буынып алған белдік пен кездікті жарқ еткізіп алып шығады.
Қол астында жүрген жас жігіттің көзсіз ерлігіне тағы да, таңдана әрі сүйсіне көз салған Кенесары хан: – «Ат пен жігіттің кішілігі болмайды» деген сөзді растадың ғой, жарқыным. Бүгіннен бастап атың Бала Баубек болсын – деп саңқ етіп бауырына басады. Сол кезде Баубек 16 жаста екен.
Басқа авторларға қарағанда Терісаққан топырағында туған көнекөздердің ең соңғысы және тарихты тірнектеп жинаған шежірешісі марқұм Мырзағали Дүйсебаевтың Баубекті 1824 жылы туды дегені қисынға жақындайды. Ал, мысалы Ахметхан Байжанның 1838 жылы 13 жасар Баубекке Қараөткелді шапқызып қоюы шындыққа жанаспайды, білместік не пендешілік.
Ал, әуел бастан Саржан көтерілісін бірауыздан қолдаған 1836 жылдан Кенесарыға қосылған Қарауылдың қалың қолын бастап барған Шауыпкел ұрпақтары Шамай мен Арланның орнына өз нағашысы Бөгембайды атауы немесе орданың ортасында «Қарақайлаған» Қара Құлтан батырдын орнына 12 жасар Баубектін айғайлауы жай ғана жаңсақтық па? Кім білсін, «қолың көтермейтін шоқпарды беліңе байлама» деген ғой аталарымыз сайыс Қара Құлтан батырда Кенесары көтерілісінің аяғына дейін қатысқан. Бұған 19 ғасырда Радловтың жазып алған жырларының үзіндісі дәлел: «Ержанды алып шықты Қара Құлтан».
Енді негізгі әнгімемізге көшсек: Отыншы ағасы Сушы батыр келгенше дейін, үш күн мұрсат беруді сұрайды.
– Мынаны кім үш күнге кепілге алады деген сұраққа «Мен» деп Жеке -батыр (шын аты – Тілеміс, руы – Қырғыз) жауап береді. «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген. Отыншыны үйіне әкеліп қондырады. Соғыс уақытында әр батыр өз руластарымен бөлек, ордадан ат шаптырым жерге орналасады екен. Түнде Отыншы Тілемістің әйелінің байына: – Мына бәлені үш күнге қалай әкелдің. Үрім бұтағыңмен бірге қырып кетсе не істейсің? – деп күңкілдеп жатқанын естиді де, ертеңіне Жекебатырдың кепілдігінен бас тартады.
Хан ойлана отырып, ағайынды екеуінің басын қосуға болмайды деген шешімге келеді де жендеттеріне бұйрық беріп, Отыншының басын алғызады.
Осы оқиғадан соң Баубек ханның ең сенімді адамына, үзеңгілес серігіне айналады. Кенесары ең құпия тапсырмаларын Баубекке ғана тапсыратын болған. Оған Кенесары ханның Бұхара, Хиуа әміршілерімен, кіші жүз сұлтандарымен хат алысуында Баубектін аты аталып отыруы дәлел. Бұл деректер белгілі тарихшы Е.Бекмаханов пен Ж.Қасымбаевтың жазбаларынан алынған.
Баубек көтерілістін ақырына дейін қатысты Кекілік – Сеңгір етегіндегі Майтөбе шайқасынан кейін қырғыздың тұтқынына түсіп, елін Сандықтауға бір
жылдан кейін оралады.
БАТЫРДЫҢ КӨТЕРІЛІСТЕН КЕЙІНГІ ТАҒДЫРЫ
Елге Сандықтауына, Ащылы - Жекебояқ, бойына оралғанымен батыр еркін тыныстай алмайды. Бұған негізінен екі нәрсе себеп болады. Біріншіден Айдабол, Сандықтауға орыс көпестерінің, қара шекпенділердің көптен келіп, қала салып қоныстана бастауы еді.
Екінші себеп: Уәлі тұқымының, оның ішінде Аманқарағай (Құсмұрын) округінің аға сұлтаны Шыңғыстың Қарауылдарға деген өшпенділігі еді. Бұл өшпенділік Шауыпкел бастаған, Қарағұла, Қоң қостаған он батырдың Уәлінің ордасын шабуынан қалған болса керек.
Осыдан оншақты жыл бұрын дүниеден өткен Балғожа келіні Сыпатай шешеміз өлеңдетіп отыратын:
Қарағұла, Қоң келсе
Жүрген жерін шулатар
Қарасай мен Бәкесі
Керегесін қиратар – деп.
Бұл енді бөлек әңгіме. Пендешілік дегенді қойсаңызшы: Ұлы Шоқанның өзі Абылайханның он екі әйелін басқа ұлттың өкілдері қылып көрсетеді. Тіпті Қасым сұлтанды, оның балалары Есенкелді, Әлжан, Саржан, Кенесары Наурызбайларды Абылайдың кіндігінен таратуға арланады. Арыстан ақынның Кенесарыға айтатын: «...Атаңа алты қатын алып берген Атығай, Қарауылдың баласымын» деген өлеңін білмеді емес, білді ғой.
Өз-өзіне келіп алғасын батыр орыстан, төре тұқымынан іргесін аулақ салуды жөн көрді.
Исі Қарауыл аға тұтқан 120 жасқа келген Қарт Бөлекейдің үлкені Құлымбеттен тарайтын, «Түрікпен аға баласы», «Түрікпен төрді бермейді» деген аталы сөздердің ел ауызында айтылуына себепкер болған, әз Тәуке заманында Шудың бойында қалмақтын Дамбы деген ноянын жеңген (М.Дүйсенбаевтын жазбасы) соқыр Түрікпеннің ұрпағы Дауылбай деген кісі кеңес береді: Біздің Қошқар он жыл бойы жайлап жүрген жері бар. Бірақ ол жер Сандыбайдың Ерденінің қарамағында – дейді. Осы әнгімеден кейін батыр тағы да атқа қонады.
Екі айдай жол жүріп, ел аралап, жер шолып келген батыр жұртына: – Жүз жылға дейін орыстың аяғы баспайтын жер тауып келдім. Еретіндерін көшке дайындалыңдар! – деп ұран тастайды. Үш ата Бектауыл: Түрікпен, Өтей, Меңіс қотарыла көшті-дейтін қариялар. Осы көш 10 жылға созылды. Бес ата Түрікпеннің Қара Қанай, Қошқар деген екі атасы қоныстанады. Өтейдін тоқалы Шаштыдан туатын Шашке ұрпағының 2 атасы Есілді жерсінбей қайтып кетті дейді аңыз. Осы күнгі Сандықтау ауданында Шәшке деген ауыл бар. Түрікпеннің Жаманшал батыр мен Тоқтаболат (қыстауының қазіргі атауы Тахтаброд) ұрпақтары қазіргі Ғабит Мүсірепов ауданында қалып қояды. Бұларды Шұбардағы Бектауыл деп атайды. «Ұлпан» хиқаятындағы Есенейдің жолдасын «түрікпен Мүсіреп» деп қағытып отыратыны да бар ғой. Өжет мінез Бауекең 1000 үй Бектауылын алып келіп қалың Бағаналыны қақ жара Терісаққанның құйғанына орналастырған екен.
Кене ханмен Арқада қоштасып, қалып қойған Жекебатыр (Сүлейменқұл баласы - Тілеміс) бастаған 60 үй қырғыз ығысып Балуанкөл, Қасқакөлді (қазіргі Жарқайың ауданында) жайлайды. Одан әрірек ең шекараға (кезіндегі «Гагарин», «ХХІ Партсъезд», «Титов» атындағы кеңшарлар Арқалық қаласының дәл түбі) Қожым қарауыл қоныстанады. Өзі руластарымен бірге құйғанға – Есілдің де, Терісаққанның да екі бетін ала орналасады. Қара Қанайдан тараған Талдығара атасы Сарғалдақтан кейінгі түбектерді жайлайды.
Қарамағындағы елдің ең көбі, ең тентегі Қошқарға Терісаққанның сол жағалауынан құйғаннан бастап Жалғыз түбек, Қайыққалған, Қарабидайық, Сарыоба, Байжігіт, Қыналы деген Балталы руына дейінгі жерлерді береді. Кенжелері Меңіс ұрпақтарын да еншісіз қалдырмайды: қазіргі Ешім округіндегі Есілдің сол жағалауындағы Кеңтүбектен бастап алып тарақты мен шекаралас Сары Адыр, Кедей жетпеске дейінгі кең даланы Бөгембай, Мәнте руларына қонысқа ұсынады. Осы аталған жерлердін жалпы ауданы 120 – 150 мың гектардай болса керек. Көштің ең соңы болып Түрікпеннің Тілеуберлі (Тілеу атаң) балалары Шәуешектен жеткен екен. Оларға батыр Қашар, Көксай, Шықы деген жерлерді сыйласа керек. Осы рудан белгілі айтыс ақыны Есенбай Сасанұлы шыққан. Есенбай – Ақан серінің құрдасы, кезінде Мыстанай қызбен, Абайдың алдында Қожабаймен айтысқаны мәлім. Есенбайдың ақындық күш-қуатын сезген Бауекең оған жан-жақты көмек көрсетіп, алдына мал салып, өзінің биі Дауылбайдын жалғыз қызы Алтынайды алып береді. Бірақ тағдыр екі жасқа бақыт сыйламапты: Алтынай бас аяғы бір жылдың ішінде кенеттен қайтыс болып, қазіргі Баубек ауылының ортасында жерленеді.
Баубектің Қорамсаның қызына құда түсіп барғаны туралы да айтатын ақсақалдар. Бұл әңгіме бәріне мәлім шығар.
Аумалы-төкпелі заман өтіп жатады. Ел іші барымта-қарымтасыз болмаған ғой. Уәлінің Шыңғысы, Құдаймендінің Қоңырқұлжасы, Сандыбайдың Ердендерімен бір жағынан, Атбасардан округ ашқан ата жауы орыс әкімдерімен екінші жағынан алыса жүре, «ақыл алтау, ой жетеу» болған кезде батыр өміріндегі ең басты қателігіне ұрынады: Қожықпен қарым-қатынас орнатып Ұлытаудан, Торғай бойындағы «Ойбас» Қыпшақтан жылқы алдырып, Қожыққа асырып отырады. Тұрақты түрде екі ұры ұстайды. Олардын шын атын ешкім де білмейді. Біреуін – Ерқара (әйтеуір бір жан деген сөз), Қожықтың балаларына еріп келген екіншісін – Ақшалбар деп атаған (бұл сөзді Жақсы ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұржан қажы баласы Зияда ағай да растай алады). Баубектің осындай тірлігі Шоқан Уәлихановтың «Сот реформасы» туралы жазбасында: «Белгілі Құсмұрын жылқы ұрлаушысы (барымташысы)» Қожық, сондай-ақ өзінің және Көкшетау округінің қырғыздарының бірнеше мәртебе шағымы бойынша Атбасарда гауптвахтада екі жылға жабылған Баубек те дәл солай өтініш жасады. Қай бір кездері Кенесарының үзенгілесі болған бұл жауыз билер сотының шешімі бойынша бір неше жүз жылқы төлеуге кесілген болатын, алайда оны төлеуден бас тартып, гауптвахтаға жабылған соң орыс сотына сұранды» деп жазуына себеп болды. Ақырында Омбыдан 30 солдатпен Құдабай деген шенеунік Баубекті ұстауға әдейілеп шығады. Ол үш жыл бойы Терісаққанның оң жағалауын жайлап, бағлан қозы мен жас құлын етіне, саба-саба қымызына тойып, әбден ойына келгенін істейді. Батырды іздеуді желеу қылып, ел аралап арғысы Балталы-Бағаналы, бергісі Бектауыл – Тарақты руларының беті шырайлы қыз қырқынына қырғидай тиеді. «Іш қазандай қайнайды, алысарға дәрмен жоқ» дегендей отыз солдатпен бір зеңбіректен қорыққан ел іштей тынады, озбырлыққа амалсыз көнеді. Айлакер Дауылбайдың жұмсауымен руы Мәнте Сүйін және руы қырғыз Жүзбай деген екі кедей жігіт Құдабайға жол көрсетуші болып жалданады. Құдабайдан – ақша, Дауылбайдан тоқты-торым алып үйренген екі қу үш жыл бойы Құдабай мен отыз солдатқа Баубектін жұртын сипатып отырады. Қазіргі Терісаққан мен Балталы ауылдарының қақ ортасында «Құдабай сайы» деген сай әлі бар.
Сол заманда осы ұлан ғайыр өлкеде орысша тіл білетін руы Шұңғырша Тауасар деген бірақ адам болған екен. Тауасар Атбасарға барып, ұлыққа: Дауылбайды ұстамай, Баубекті қолға түсіре алмайсындар деп ұсыныс жасайды. Дауылбайдың тұтқындалғанын естіген батыр Атбасарға келіп: Мен – Баубекпін, керектерің мен болсам мені алындар да ағамды босатындар, - деп өзі беріледі. Бұл оқиғада да оның мінезінің мәрттігі, жолдасы үшін жанын беретінідігі байқалады. Баубек ұсталған соң ұлықтар Тауасарды болыс қылып сайлайды. Тауасар замандастарынын айтуынша қапсағай, ұзын бойлы кісі болса керек. Үзенгісінің таралғысын қанша ұзартса да екі тізесі аттын шоқтығына жетіп тұрады екен – дейтін көнекөздер. Баубек Түменде айдауда көп болмаған. Келесі жазда артынан іздеп барған ағайындарына: Мені елге жеткізе алмайсыңдар. Мұнда да мұсылман қорымы бар екен. Жаманат хабар жете қалса мына бармақты жерлерсіндер. Жүрегімде Сары ханға берген антым және мойнымда тоқалдын қарғысы бар – деп кездігін алып бармағының бір буынын кесіп береді. «Тоқалдың қарғысы дейтіні хан Кене кіші жүз Жаппас руын шабу үшін сылтау, ілік іздейді. Сол рудан алған тоқалын жүріс жасады деп талақ қылып, бетіне күйе жаққызып, түйеге теріс мінгізіп еліне жөнелтеді. Қазидың сұрауы бойынша Баубек куә болса керек. Күйінген тоқал: «Екеуіне де туған топырақтарың жазбасын» деп қарғайды. Сол қарғыс екеуіне де келді дейтін қариялар. Бесобадағы батырдын тамына биі Дауылбай мен бармағының бір буыны жерленген – мыс.
Дегенмен Кенесарының 48 батырының ішінде аяғына дейін арпалысып өткен Бектауыл Баубек пен солдаттарды тірідей қайнап жатқан суға салған Төлек Жәуке батырлар ғана еді. Тауасар болысқа мың үй Бектауыл қарсылық көрсетеді. Сол заманнан «Тауасардын тышпаған тауы бар ма?» деген сөз қалған. Ел итіне «Тауасар» деп ат қояды. Болыс келіп, қонағасына аттан түсіп жатқанда кез келген бала киіз үйден жүгіріп шығып «Тауасар, тауасар кә, кә» деп еркелетеді күшігін. Баубек қайтыс болды деген хабар келісімен Тауасар болыстықты батырдын үлкені Мағзұмға түсіп береді.
Жақында ғана болдым. Баубектін бітеуінің шалғыны жайқалып тұр. Баубек ауылының дәл іргесінде қошқардын қара суы ағып жатыр. Дәл баяғыдай. Дүбірлеп өткен дүнией-ай...