Ағымдағы жылдың 9 қазан айында алаштың бел асқар тұлғасы, кесек тұлға, кенен дарын, халық жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ ССР-ының Абай атындағы мемлекеттік сыйлығының иегері Шерхан Мұртаза 86 жасында дүниеден озды.
Шерхан Мұртаза 1932 жылы Жамбыл облысының Жуалы ауданында дүниеге келген. Әкесі Мұртаза 1937 жылы сталиндік репрессияның құрбаны болып кетті. Әкесінен ерте жетім қалған Шерхан жас кезінде көп қиыншылық көреді. Шерхан 1941 жылы Талапты мектебінде бірінші кластың табалдырығын аттаған кезден бастап-ақ оқумен бірге еңбекке де араласты. Балалық шағы соғыстың қиямет, қиын-қыстау кезеңіне тұспа-тұс келді. 1950 жылы Жамбыл қаласында интернат үйінде жүріп, Жамбыл атындағы қазақ орта мектебін бітірген соң әуелі Мәскеу полиграфия институтында, үшінші курстан бастап Мәскеудің мемлекеттік Ломоносов атындағы университетінде оқып, журналистика факультетін 1955 жылы бітіріп шығады. Сол жылдардың өзінде-ақ ол башқұрт жазушысы Мұстай Кәрімнің бір повесін, Л. Лагиннің «Хоттабыч қарт» романын қазақшаға аударады.
Жастық шағында «Лениншіл жас» пен «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі болып қызмет еткен. 1963-1970 жылдар аралығында «Лениншіл жас» газетінің редакторы қызметінде болған. Одан кейінгі кездері «Жазушы» баспасы мен «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған.1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы қызметтерін атқарды. ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты болды.
Шерхан Мұртазаның тұңғыш кітабы — “Құрылысшы Дәку” очерктер жинағы 1958 жылы жарық көрді. Қазіргі замандас бейнесі, соғыс жылдарындағы тылдағы адамдардың қажырлы еңбегін баяндаған “Табылған теңіз” (1963), “Бұлтсыз күнгі найзағай” (1965), “Белгісіз солдаттың баласы” (1967), “Мылтықсыз майдан” (1969), “41-жылғы келіншек” (1972), “Ахметжанның анты” (1973), т.б. повестер мен “Интернат наны” (1974) атты әңгімелер жинақтары жарияланды. Өндірістің дамуы жөнінде, адам мен қоршаған ортаға қамқорлық туралы маңызды мәселелер көтерген, ғылыми-техникалық төңкеріс жайын сипаттаған “Қара маржан” (1976; ҚР Мемлекет сыйлығы, 1978) романы, мемлекет қайраткері Т.Рысқұловтың өміріне арналған (“Қызыл жебе”, 1, 2-кіт. 1980; “Жұлдыз көпір”, 3 кіт., 1984) роман-трилогиясы басылды. Драматургия саласында жазушының “Қызыл жебе” (1987, Қ.Ысқақовпен бірге), “Сталинге хат” (1988), сондай-ақ “Бесеудің хаты” (1989) атты пьесалары қойылды.
Оның шығармалары КСРО халықтары мен шетел тілдеріне аударылған.
Қазақ тіліне Г.Х.Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Ш.Айтматовтың «Ботагөз», «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет» туындыларын; Э.Эрскиннің «Марыкчан балалары» романын тәржімалады. «Әзиза» пьесасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің грантын жеңіп алды.
Шерхан Мұртаза “Құрмет белгісі”, “Отан” (1999) ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған. Жамбыл облысының, Тараз және Астана қалаларының Құрметті азаматы.
6 қараша күні Жақсы №1 орта мектебінің 9 сынып оқушыларымен кездесіп Шер атамыздың шығармашылық жолымен таныстырып өттім. Қазақстан ТРК-ның жазушының 80-жылдығына орай түсірген «Ғибратты ғұмыр» атты деректі фильмін көрсетіп, дайындаған ауызша журнал мен кітап көрмесіне шолу жүргіздім.
2004 жылдың 3 желтоқсанында Шер ағамыз Жақсы ауданында болып кеткен. Әкімшіліктін үлкен залында Елбасының жолдауы жөнінде кездесу өткізіп, аудандық кітапханаға мемлекеттік сыйлыққа ие болған «Қара маржан» романы кітабына қолтанбасын қойып берді. Біз үшін ол құнды.
Жастарға Шер атамыздың өмір жолы, оның Тәуелсіз мемлекетіміздін дамуына қосқан орасан зор үлесі - үлкен үлгі, өнеге.
Шерхан Мұртаза қазақтың сөзінің беделін көтерген адам. Шерхан қай жерде жұмыс істесе де, игілік, әділдік тұрғысынан келеді. Көптеген көркем сөз шеберлерінің өзі «Шерханның шекпенінен шықтық» деп мақтана айтады. Бұл үлкен тұлғалық. Шерағадай дүниеге келер ме адам? Бір кем дүние