Алғыс айту күнінің қарсаңында Жақсы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметкерлері «Жүректен-жүрекке» акциясын ұйымдастырып, бұл бағытта түрлі іс-шаралар өткізді. «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» демекші, ауданымыздың қоғамдық өміріне белсенді қатысып, ақыл-кеңестерін аямайтын үлкендерімізге алғыс айтуды жөн көрдік.
Көп жыл аудандық кітапханада еңбек еткен, ауданымыздың мәдени өміріне айтулы үлес қосқан Мозговая Татьяна Алексеевнаның үйіне бірінші кезекте бет алдық. Әріптестерін қуана қарсы алған зейнеткерге шын алғысымызды білдіріп, жөн сұрасқаннан кейін, келесі мекенжайға аттандық. «Үміт» клубының белсенді мүшесі, ақжарқын,мейірімді Базанай Катюша апамыздың төрінен орын алып, келе жатқан мерекемен құттықтадық. Апамызға ұзақ ғұмыр,зор денсаулық тілей отырып, ыстық ықыласымызды білдірдік.
Алғыстың артығы жоқ деген сөзді ұстана отырып, өзімізбен қатар еңбек жасап жүрген әріптестеріміз, белсенді оқырмандарымыз, іс-шараларға үнемі қатысып тұратын жандарға да рахметімізді аямадық. Сауда үйлері мен дәріханаларға да кіріп шығып,күнделікті қызмет көрсетіп жүрген жандарға ниет білдірдік.
Көктемнің алғашқы күнінде тойланатын мерекенің үлкен мән-мағынасы бар екені айдан анық. Бұл күні көпұлтты елімізде тұрып жатқан этностар мен халықтар бір-біріне ризашылық танытқаны- ұлтаралық келісім мен бейбітшілікті нығайту жолында жасаған игі іс.
Бұл мерекенің маңыздылығын жас ұрпақтың санасына жеткізу мақсатында, ауылдық кітапханаларда да түрлі іс-шаралар өткізілді. Новокиенка ауылдық кітапханасы мен ауылдық клубы бірлесе отырып, «Мы-разные, и в этом наша сила» атты бейбітшілік кешін ұйымдастырса, Лозовое ауылдық кітапханасында Қазақстан Ассамблеясының 25 жылдығына арналған «Эта земля связала нас навек» атты ақпараттық-танымдық сағатымен қатар « Доброе сердце» акциясы өтті. Тарасов ауылдық кітапханасында «Благодарность исходит от души» іс-шарасы да өз мақсатына жетті. Қима ауылдық кітапханасы да тыс қалмай, «Мы-разные,это-богатство,мы вместе-это наша сила» атты кездесу өткізіп, мерекенің мәнін аша білді. Терісаққан ауылдық кітапханасында «Алғыс айту-бірлік мерекесі» достық сабағы, «Алғыс жүректен шығады» кітап көрмесі өткізілді.